Атырауда 200 мың қызғалдақ бүр жарды
АТЫРАУ. KAZINFORM – 30 жылдан астам уақыттан бері гүл сату бизнесімен айналысатын Бақыт Исхакова 2025 жылдың соңында жылыжайға қызғалдақтың 12 түрінен 200 мың түп еккен. Кәсіпкердің сөзінше, өңірде осыған дейін мұндай көлемде қызғалдақ өспеген.
Бірнеше жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген ол бұл бизнеске кездейсоқ келген. Жылыжай салып, гүл өсіру туралы ой көптен болған. Дегенмен кәсіпкер ең алдымен оны сататын дүкендер ашуды мақсат етті.
Оның айтуынша, жылдан жылға гүлді өзге өңірлер мен шет мемлекеттерден сатып алу қиындаған. Кеден, логистика сынды себептер процесті күрделендіре бергеннен кейін осы іске бел буып, нық сеніммен кіріскен.

— 2025 жылдың көктемінде пиязшық сатып алдық. Ол Голландияда сақтаулы тұрды. Желтоқсан айында өңірге жеткізіп, егіп бастадық. 200 мың қызғалдақты өзіміздің дүкендерімізде сатамыз. Бұл салаға қызығатындардың көбі бірінші қызғалдақ егіп алады да, сатуға келгенде қиналып қалады. Содан соң қызығушылығы басылып қалады. Ал бізде сататын орындарымыз дайын. Қала ішінде 11 дүкеніміз бар, — дейді кәсіпкер Бақыт Исхакова.

Осы жылы қыс мінезін көрсеткендіктен гүлдерді жылыжайда өсіру оңай болмаған. Қызғалдақ өсу үшін арнайы орындағы ауа температурасы 14-16°C болуы қажет. Бұдан жылы болса тез гүлдеп, бойы қысқа күйінде қалады.
Қазір бұл жұмыстың басы-қасында Бақыт Исхакованың ұлы мен келіні жүр. Олар қызғалдақты гидропонды жәшікке отырғызған.
— Пиязшықты арнайы жәшікке еккеннен кейін салқындатқышқа жібереміз. Ол жақта 3 аптадай тамырлану керек. Одан соң жылыжайға шығарып, 2 апта 7 градустан аз-аздан 14 градусқа дейін жылылықты көтереміз. Желдеткіш жүйесі жақсы болуы қажет, -деді Айгерім Дәулетиярова.
Кәсіпкер осы уақытқа дейін гүлдің бұл түрін Голландия, Ресей, Беларусьтен алып келген. Өткен жылы қызғалдақтың данасын 800 теңгеден сатқан.
Енді биыл отандық өнімді данасын 700 теңгеден сауда-саттыққа шығармақ. Келер жылы қызғалдақты көбірек өсіріп, батыс өңірін толық қамтуды жоспарлап отыр. Ал биылдан қалдырмай 11 500 пион гүлін егуді мақсат етіп қойған. Бұл гүлді өсіруге 3 жыл уақыт керек.

Бұған дейін Алматының ботаникалық бағында бәйшешектер гүлдегенін жазған едік.
