Атырауда 3-қабаттан құлаған 6 жасар баланың аяғына ота жасалды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында 3-қабаттан құлаған 6 жасар баланың аяғына ота жасалды. Қазір ол аурухананың травматология бөлімінде ем алып жатыр.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, кеше, 29 шілдеде терезеден 6 жасар бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
«Ауруханада баланың аяғына ота жасады. Аурухана дәрігерлері науқастың жағдайын бірқалыпты деп бағалап отыр. Қазір науқас облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімінде ем алуды жалғастырып жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстайды», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 3-қабаттан құлаған 6 жасар бала ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.
Оқиға кеше, 29 шілдеде түсқайта сағат 16:00 шамасында Атырау қаласының Б.Құлманов көшесінде орналасқан 6 қабатты тұрғын үйде болған. Үйдің 3-қабатындағы терезесінен 6 жасар бала құлап кетті. Ол жедел жәрдем бригадасының көлігімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
Сондай-ақ, Атырау облысында жыл басынан бері 6 бала терезеден құлағанын хабарладық.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Сәбит Борашевтың айтуынша, кейінгі кезде балалардың жазатайым оқиғаға ұшырауы жиілеген.
«Әсіресе, 2-7 жасқа дейінгі балалардың терезеден құлауы көбірек кездеседі. Негізгі себеп – оңай ашылатын пластикалық терезе. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне салғырттық танытады. Көпшілігі балаларын үйінде қараусыз қалдырып кетеді. Осындай себептің салдарынан жыл басынан бері 6 бала терезеден құлады», -деді Сәбит Борашев.