Атырауда 331 қылмысты ашуға көше камерасының көмегі тиген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Былтыр Атырау қаласындағы жедел басқару орталығы арқылы 25,5 мың құқық бұзушылық анықталды. Аталған орталыққа әр түрлі сипаттағы 70 мыңнан астам хабар берілген.

Атырау қалалық полиция басқармасына қарасты жедел басқару орталығының аға инспекторы Сайра Баймұхамбеттің мәліметінше, мұнайлы шаһар көшелерінде 3 мың 773 камера орнатылған.
– Өткен жылы көшедегі бейнебақылау камералары арқылы 25 мың 558 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Камералардың көмегімен 331 қылмыс ашылды. Көшелердегі камераларға түскен қылмыстық және өзгеде құқық бұзушылықтардың арасында ұрлық, ұсақ ұрлық мен бұзақылық деректері бар. Камералар арқылы алкогольдік ішімдік ішіп, көлік жүргізгендерді, көшеде, не қоғамдық орындарда мас күйде жүргендерді анықтауға жол ашылды, - дейді Сайра Баймұхамбет.
Оның айтуынша, қала аумағындағы адамдар жиі жиналатын 16 орыда полицияны жедел шақыруға арналған «SOS» дабыл батырмасы орнатылған.
– «SOS» батырмасын басу арқылы жедел басқару орталығының инспекторларымен аудио және бейнежазба нұсқада байланысуға болады. Ал «Interceptor» жүйесімен әкімшілік айыппұлдарды өтелмеген 4 мың 19 борышкер тіркелді. Борышкерлердің 1 мың 451 көлігі арнайы тұраққа қойылды. Осындай шарадан соң 2 мың 568 борышкер айыппұлын төледі, - деп мәлім етті Сайра Баймұхамбет.
Сондай-ақ «Сергек-Қорғау» жүйесімен 31 мың 359 дерек анықталған. Оның ішінде 19 мың 813 адамға айыппұлға қатысты нұсқама берілген. Ал айып тұрағына 476 көлік қойылған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының жасөспірімдері 1 жылда 67 қылмыс жасағанын жазған болатынбыз.