Атырауда 350 адам қоғамдық жұмысқа тартылды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жыл басынан бері 350 адам сот шешіміне сәйкес қоғамдық жұмысқа тартылды. Олар тұрғылықты жері бойынша 10-нан 100 сағатқа дейін ақысыз еңбек етуге міндеттелген.

Ақмолада ұлын ұрған әке 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды
Фото: Kazinform/ЖИ

Былтыр 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда әкімшілік жаза түрі ретінде қоғамдық жұмыс енгізілді. Бұл жаза сот шешімімен ұсақ бұзақылық, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар, қоғамдық орындарды ластау, алкогольдік ішімдіктер ішу немесе мас күйде жүру және өзге де құқық бұзушылықтар үшін қолданылады.

Облыстық полиция департаменті профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Болат Ахметовтің айтуынша, қоғамдық жұмыс азаматтардың тұрғылықты жері бойынша, қоғамға пайдалы әрі ақысыз еңбек түрінде істеледі.

— Қоғамдық жұмысты ұйымдастыру және орындалуын бақылау жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Ал ішкі істер органдары мұндай жазадан жалтару фактілері туралы хабарлама түскен жағдайда заңда белгіленген шараларды қабылдайды. Белгіленген уақытта дәлелді себепсіз келмеу, жұмысты орындаудан бас тарту немесе жалтару заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады, — деді басқарма бастығының орынбасары Болат Ахметов.

Полиция мәліметінше, бұл шара азаматтардың құқықтық жауапкершілігін арттырып, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеуге бағытталған.

Бұған дейін Қызылордада жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесі іске қосылғанын хабарлаған едік.