Қызылордада жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесі іске қосылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Республика көлемінде кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін сотталған 504 адам есепте тұр. Олар туралы мәлімет Қызылорда облысында арнайы ақпараттық бағдарламаға енді.

Қызылордада жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесі іске қосылды
Фото: Kazinform / ЖИ

Сондай-ақ облыс орталығындағы 12 мектептің маңындағы бейнебақылау камераларына интеграцияланды.

– Механизмі қарапайым және тиімді. Қауіпті адам камера аймағында пайда болса, облыстық полиция департаментінің «102» арнасына автоматты түрде сигнал түседі. Полиция қызметкерлері сол жерге барып, заңда көзделген профилактикалық шара қабылдайды. Осылайша бейнебақылау жүйесі тек тіркеу үшін емес, қылмыстың алдын алу үшін жұмыс істеп тұр. Бұл тәжірибе Бас прокуратураның қолдауымен қазір Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және басқа облыстарда қолданыла бастады, - деді ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы Естай Жұқашев.

Бас прокуратураның бастамасымен «Күшейтілген профилактиканы талап ететін тұлғалар тізілімі» аналитикалық жүйесі іске қосылды. Жүйеге ЕРАП деректері интеграцияланған және әр адам бойынша тәуекел деңгейі анықталады. Бүгінгі күні осы жүйе бойынша облыс көлемінде жоғары тәуекел тобындағы 22 мыңнан астам адам анықталды.

– Елімізде 8 мыңнан астам мектеп бар, онда миллиондаған бала білім алып жатыр. Бұл жай ғана сан емес. Әр адамның артында нақты отбасы, жәбірленуші және ертеңгі күні қайталануы мүмкін қауіп тұр. Біздің ортақ міндетіміз – сол тәуекелді барынша төмендету, – деді департамент өкілі.

Еске сала кетсек, жуырда балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатаңдату ұсынылды.