Атырауда 37 жастағы тұрғын 1 келіден астам синтетикалық есірткімен ұсталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының тұрғынынан 1 келіден асатын синтетикалық есірткі тәркіленді. Күдікті қамауға алынды.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Индер ауданында тұратын ер адам синтетикалық есірткіні таратумен айналысқан.
— Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасын жүргізіп, Атырау қаласының аумағында есірткі заттарын таратумен айналысқан 37 жастағы тұрғынды ұстады. Күдіктінің жеке басын тінту кезінде, кейін оның көрсетуімен 100 дана оралған ақ түсті ұнтақ тәріздес заттар тәркіленді. Тәркіленген заттардың салмағы 1 келіден асатын синтетикалық есірткі екені анықталды, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір ұсталған күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.
— Полиция қызметкерлері кешенді тергеу амалдары жүргізуді бастады. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, — деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда есірткі жасырып жүрген 17 жасар қызылордалық ұсталғанын жазған едік.