Атырауда 49 млн теңгені жымқырған мектеп-интернаттың бас есепшісі 5 жылға сотталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау соты бюджеттің 49 млн теңгесін жымқырған бас есепшіні 5 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда, сотталушының жазасын өтеу мерзімі 5 жылға кейін шегерілді.

Бас есепшінің қылмыстық ісі Атырау қаласындағы № 2 сотта қаралды. Күдіктіге Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен «Алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде жымқырып, иемдену) айып тағылған.
— Сотталушы 2023 жылдың маусым айынан бастап коммуналдық мемлекеттік мекеме — мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында есепші, қыркүйек айынан бас есепші болып қызмет атқарған. 2023 жылғы маусым-2024 жылғы қазан айлары аралығында аталған мекеме директорының сеніміне кіріп, оның электрондық қолтаңбасын, «1С» және «Парус» жүйелерін заңсыз пайдаланған. Осы жүйелердің көмегімен ол өзінің және сенімді адамдарының есепшоттарына негізсіз ақша аударған. Ол алаяқтық әрекетінің салдарынан 49 млн теңгеден астам мемлекет қаржысын жымқырған, — деп хабарлады соттан.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындаған. Оның кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, маман, аудиторлық есеп қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен дәлелденген.
Сот сотталушының жас балаларының барын, заңсыз әрекеті үшін өкінгенін кінәсін жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
— Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған материалдық жауапкершілікпен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 5 жылға, бас бостандығын 5 жыл мерзімге айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігі қолданылып, тағайындалған жазаны өтеу 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды, - деп мәлім етті соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда алаяқтық жасаған блогер мен оның досы бас бостандығынан айырылғанын хабарлаған болатынбыз.