Атырауда 5-қабаттан құлаған жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу басталды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында жасөспірім 5-қабаттан құлап, көз жұмды. Қазір жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға кеше, 28 шілдеде болған.
«Атырау қаласында 28 шілде күні сағат 06:30 шамасында 2009 жылғы жасөспірім көпқабатты үйдің 5-қабатынан құлап, оқиға орнында қайтыс болды. Полиция қызметкерлері жасөспірімнің өліміне қатысты өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу дерегімен қылмыстық іс қозғады. Қазір кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері 6 бала терезеден құлағанын жазған болатынбыз.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Сәбит Борашевтың айтуынша, кейінгі кезде балалардың жазатайым оқиғаға ұшырауы жиілеген.
«Әсіресе, 2-7 жасқа дейінгі балалардың терезеден құлауы көбірек кездеседі. Негізгі себеп – оңай ашылатын пластикалық терезе. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне салғырттық танытады. Көпшілігі балаларын үйінде қараусыз қалдырып кетеді. Осындай себептің салдарынан жыл басынан бері 6 бала терезеден құлады», - деп мәлім еткен еді Сәбит Борашев.