Атырауда 6 айлық сәби мобильді телефонның сим-картасын жұтып қойған

Атырауда бір тәулікте 30 сәби өмірге келді
Фото: pexels.com

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда 6 айлық сәби абайсызда мобильді телефонның сим-картасын жұтып қойған. Анасы сәбидің жөтелгеніне байланысты жедел жәрдем стансасына хабар берген. 

Атырау облыстық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаеваның айтуынша, диспетчер бөбектің анасы мен кеңес беретін дәрігерді байланыстырған.

«Мұндай жағдайда абыржымау қажет. Бұл біздің стансаның қызметкерлеріне де байланысты қадам. Диспетчер телефонмен хабарласқан ананы дәрігер-кеңесшінің пультіне ауыстырған. Ал, кеңесші дәрігер Гүлнәз Қырықбаева баланың туыстарына алгоритм бойынша «қоңырауды ұстап тұру» әдісімен қадамдық іс-қимыл жасау жөнінде кеңес берді. Ол телефон арқылы алғашқы медициналық көмек көрсетудің әдістерін түсіндірді. Кеңесші дәрігердің телефонмен айтқан нұсқауымен туыстары сәбидің тыныс алу жолына түскен бөгде затты шығарып алды», - дейді Наргиз Баймолдаева.

Жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері шақырту бойынша оқиға орнына келіп, сәбиге медициналық көмек көрсеткен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 2 жасар бүлдіршін балабақшада көзін жарақаттап алғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар
telegram