Атырауда 6 жыл бұрын басталған 3 спорт залдың құрылысы биыл да аяқталмады

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда құны 1 млрд теңгелік «сақалды» құрылыс 6 жылдан бері аяқталмай келеді. Жоба аясындағы жұмыс биыл ғана қайта жанданды.

Атырауда 6 жыл бұрын басталған 3 спорт залдың құрылысы биыл да аяқталмады
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Осы жылдың көктеміне дейін бұл жобаға жауапты алғашқы мердігер мекемелердің басшыларына қатысты қылмыстық іс бірнеше сот отырысында қаралып, жұмыс тоқтап тұрды.

Ол кезде ғимараттың негізі салынған еді. Кейін ғимаратқа техникалық сараптама жүргізіліп, жарамдылығы туралы қорытында берілген. Жобалық сметалық құжатына түзетулер енгізіліп, құрылыс жұмысы осы жылдың сәуірінде басқа мердігер мекемеге тапсырылды. 

 Атырауда 6 жыл бұрын басталған 3 спорт залдың құрылысы биыл да аяқталмады
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Биыл жазда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдері жоба жыл соңына дейін аяқталатынын хабарлаған. Мердігер мекеме басшылығы келер жылдың сәуір айына дейін уақытымыз бар, келісімшартта көрсетілген уақытта, яғни жұмысты құжатта көрсетілген мерзімде аяқтаймыз дейді. 

— Нысан бірнеше жылдан бері қараусыз тұрып қалған. Сол себепті материалдардың сапасы талапқа сай еместігі анықталып, басқармаға хабарлама берілді. Жоба негізінде қайта бұзу жұмысы жүргізілді. Бүгінде сэндвич панельдерді орнату жұмысы жүріп жатыр. Жобада қарастырылмаған қосымша жұмыс та шығып жатты. Дәнекерлеу жұмысының ұлғаюына байланысты жұмыс көлемі көбейді, — деді мердігер мекеменің өкілі Жәнібек Дәулетов. 

 Атырауда 6 жыл бұрын басталған 3 спорт залдың құрылысы биыл да аяқталмады
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Қазіргі уақытта құрылыс монтажау жұмысының 60 пайызы орындалды. Жаңадан бой көтергелі отырған спорттық нысанда күрес, таеквондо, бокс және кроссфит жаттығу залдары қарастырылған. Бұл — тұрғындардың әртүрлі спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік беретін жан-жақты жабдықталған нысандар болмақ.

Осыған дейін балалар спорт мектептеріне жан басына шаққан қаржыландыру стандарты енгізілетінін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар