Атырауда 6,5 мың тұрғынның жер салығы қайта есептелді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда жер салығын есептеу кезінде кеткен сәйкессіздіктер анықталып, шамамен 6,5 мың жер пайдаланушы бойынша төлем сомалары қайта есептелді.
Атырау облысының прокуратурасы таратқан ақпаратқа сәйкес, Атырау қаласының Алмалы ауылдық округіндегі бірқатар аумақта жер салығын есептеу кезінде қолданылатын коэффициенттерді анықтауға қатысты мәселе болған.
Атап айтқанда, Береке ауылы мен оған қарасты аумақтарда, сондай-ақ бірқатар бау-бақша серіктестіктері орналасқан жерлерде салық коэффициенттерін есептеу кезінде тиісті аумақтар ескерілмеген.
Бұл жағдай жер учаскелері бойынша төленуге тиіс жер салығының сомасын есептеуге әсер еткен.
Мәселе «Энергетик-5», «Геофизик», «Аграрник», «Автомобилист-сельхозработник», «УС-99», «Авиатор» және «Строитель Еңбек» бау-бақша серіктестіктері орналасқан ірі жер алқаптарын пайдаланушыларға қатысты.
Кейін салық коэффициенттері заң талаптарына сәйкес қайта есептеліп, соған байланысты жер салығының мөлшері де қайта қаралған.
Нәтижесінде шамамен 6,5 мың жер пайдаланушы бойынша есептелген салық сомалары заңнама талаптарына сәйкестендірілді.
Атырау облысының прокуратурасы жер қатынастары саласында азаматтардың құқықтарының сақталуына бақылау жалғасатынын мәлімдеді.
Бұған дейін прокуратура Атырауда газға қосылмаған 30 пәтер 600 млн теңгеге сатып алынғанын анықтаған еді.