Атырауда 8 ветеринариялық станция біріктірілмек
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында қала және аудандардағы 8 ветеринариялық станция біріктіріледі. Бұл шара 2026-2030 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары аясында жүзеге асады.
Жыл соңына дейін біріктіру арқылы Атырау облыстық ветеринариялық станциясы КМК құру жоспарланған. Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың айтуынша, бұл өзгеріс мамандардың жұмысына кері әсер етпейді.
— 2026 жылдың аяғына дейін қаладағы және аудандардағы ветеринариялық станцияларды біріктіру жоспарлануда. Мұндай тәжірибе республиканың басқа облыстарында да бар. Мал дәрігерлерінің саны қысқармайды, жұмыстары сақталады. Биылдың өзінде мал дәрігерлерінің жалақысы 20 пайызға өсті. Әкімшілік қызметкерлер қысқаруы мүмкін. Бірыңғай есеп пен кадр жүйесін оңтайландыру бағытында жұмыстар жүргізіледі, — деді басқарма басшысы.
Қазіргі уақытта өңірдегі ветеринариялық станцияларда 300-ге жуық маман еңбек етеді.
Бұдан бөлек 2026 жылы тағы бірнеше ұйымға қатысты жекешелендіру және оңтайландыру жұмыстары жоспарланған. Атырау облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы берген мәліметке сүйенсек, облыстық балалар стоматологиялық емханасы сату жоспарланып отыр, «Бейбарыс-Атырау» хоккей клубын сенімгерлік басқаруға беру көзделген. Өңір билігі бүгінде аталған бағыттар бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Осыған дейін Атырау облысы әкімдігі «Атырау» облыстық футбол командасын сатуға шығарғанын, клуб жұмысын жүргізуге ниет білдірген кәсіпкерлерге құны кемінде 1 млрд теңге болатын футбол академиясын салу туралы талап қойғанын жазған едік.