Атырауда 86 мың гектар аумақта шегірткеге қарсы у себіледі

4 млрд бөлінеді
Фото: Pixabay

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 86 мыңнан астам гектар аумақта шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізіледі.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Әбила Қазиеваның мәліметінше, өңірде үйірлі шегірткенің 2 түрінің табиғи ошағы бар.

«Биыл Атырау облысында азиялық және итальяндық шегірткеге қарсы 86210 гектар аумақта химиялық өңдеу жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 28110 гектар азиялық шегірткеге, 58100 гектар итальяндық прусқа қарсы өңделеді. Химиялық өңдеу жұмыстарын «АвиаСила» ЖШС-нің 3 дельтапланымен әуеден, «Магтоксин» ЖШС-нің 1 аэрозолды газогенератор және 1 желдеткіш бүріккішімен өңделеді», - дейді Әбила Қазиева.

Оның мәліметінше, биыл азиялық шегірткеге қарсы «Диурон», ал, итальяндық прус түрі үшін «Карат супер», «Тиаметрин», «Гунсяо» және «Койра» пестицидтері қолданылады.

«Бұл пестицидтер әкелініп, жоспарланған аумққа бөлінді. Саяқ шегірткелерге қарсы 10095 гектар, шалғын көбелегіне қарсы 1600 гектар аумақты химиялық өңдеу жоспарланып отыр. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен қажетті қаржыт бөлініп, әлеуетті қызмет көрсетушілер анықталып тиісті келісімшарттар жасалуда», - деп мәлім етті Әбила Қазиева.

Қазір шегірткеге қарсы шұғыл әрекет ету штабтар құрылған. «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ филиалы мамандарының зерттеу нәтижесіне сәйкес, шегіртке дернәсілдерінің жаппай шығуы 20 мамырға сәйкес келеді. Қызмет көрсетуші мекемелер химиялық өңдеуді сол кезде бастайды.

«Шаруа қожалығының иелері ҚР Өсімдіктерді қорғау туралы заңының 14-5 бабына сәйкес, өздеріне берілген жерде зиянды және аса қауіпті зиянды ағзаларға қарсы зерттеу, фитосанитариялық іс-шараларды өз қаражаты есебінен жүргізуге міндеттелген. Егер зиянкестерден келетін зиян мөлшері экономикалық зияндылық шегінен асқан жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 403-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деді Әбила Қазиева.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum