Атырауда 90,4 мың кәсіпкер жалпыға бірдей декларация тапсырған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда жалпыға бірдей декларацияға сәйкес 90 мың кәсіпкер мен олардың жұбайлары кірісін жария еткен.
Атырау қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбол Амановтың мәліметінше, биыл 103 668 адам декларация тапсыруы қажет.
«Қазір активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны 90 мың 473 кәсіпкер мен олардың жұбайы тапсырды. Бұл – жалпыға бірдей декларациялаудағы үшінші кезең декларанттарының 90%-ға жуығы. Ал, декларация тапсырмағандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Алғашында оларға ескерту беріледі. Бір жыл ішінде ескерту елемесе, онда 51 мың 750 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Толық емес немесе анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін ескерту, ал бір жыл ішінде мұны тағы қайталаса, 10 мың 350 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл төлейді», - дейді Айбол Аманов.
Оның айтуынша, алдағы жылдың 1 қаңтарда басталатын төртінші кезеңде азаматтардың қалған санаттары декларация тапсырады. Бұл санаттарға жеке құрылымдардың қызметкерлері, үй шаруасындағы әйелдер, зейнеткерлер мен студенттер кіреді. Атырау қаласында аталған санаттарға жататындардың саны – 419 363 адам.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған болатынбыз.