Атырауда «Ақжайық» резерватындағы қамыс өрті толық сөндірілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында «Ақжайық» резерватындағы қамыс өрті 11 күннен кейін толық сөндірілді.

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметін өрттің бүгін, 24 маусымда сағат 14:00 шамасында толық сөндірілгенін хабарлады.
– «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы өрт толығымен сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша жалын 1510 гектар аумақты шарпыған. Өрт тұтанған 13 маусымнан бері «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 екі тікұшағымен 396 тонна су төгілді. Өрт шалған аумақтың ауқымын ұлғайтпау мақсатында тракторлармен минералды жолақ жыртылды, -деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қамыс өртін сөндіруге 200-ге жуық адам мен 40 техника тартылған.
– Өрттің қайта тұтанбауы тұрақты бақылауға алынды. Осы мақсатт төтенше жағдайлар департаментінің, полиция және резерват қызметкерлерінің кезекшілігі әлі де жалғасады. Кезекшілік тәулік бойы атқарылады, - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін «Ақжайық» табиғи резерватындағы өртке адам факторының әсері болуы мүмкін екенін хабарлаған едік.
Сондай-ақ, «Ақжайық» резерватындағы өртті сөндіруге тағы бір тікұшақ тартылды.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қамыс өртіне байланысты төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ екенін айтты.
Ал кеше Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі бықсып жатқанын жазған болатынбыз.