Атырауда «Ақжайық» резерватындағы қамыс өртіне тікұшақпен 12 тонна су төгілді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі сөнген жоқ. Жалынды сөндіру үшін тікұшақпен 12 тонна су төгілді.

Атырау
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметінше, қамыс өртін сөндіруге тікұшақ тартылған. 

– Қазір «Ақжайық» табиғи резерватының аумағында өрт шарпыған аумағы – 600 гектар. Оның 300 гектарында жалын өздігінен сөнді. Ал, 300 гектардағы жалынды сөндіру жалғасып жатыр. Батпақты жер бедері өрт сөндіру техникаларының жетуіне қиындық келтірді. Сол себептен, қамыс өртін әуеден сөндіру үшін сағат 16:50-де «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы тартылды. Сағат 18:00-ге дейін тікұшақпен 1 рейс жасалып, 12 тонна су төгілді. Аэровизуалды бақылау жүргізіліп, жалынның ашық ошағы анықталды, - деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.

Табиғи резерваттағы қамыс өртін сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 50 қызметкер, 10 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 27 адам, 6 техника және бір жүзу құралы тартылған. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауды тағы да «Ақжайық» табиғи резерватында жанған қамыс түтіні басқанын жазған едік. 

Сондай-ақ, жергілікті төтеншеліктер Атырау тұрғындарына түтін мен ыстың иісіне байланысты көшеге шықпауды ескертті

Соңғы жаңалықтар