Атырауда «Ақжайық» резерватындағы өртті сөндіруге тағы бір тікұшақ тартылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында «Ақжайық» табиғи резерваттағы өртті сөндіру жұмысына екінші тікұшақ қосылды.

Атырауда «Ақжайық» резерватындағы өртті сөндіруге тағы бір тікұшақ тартылды
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін екінші тікұшақ Маңғыстау облысынан жеткізілген.

– «Ақжайық» резерватының аумағындағы өртті толық сөндіру үшін 2 тікұшақ тартылды. Бүгін тікұшақтың бірімен 9 мәрте су төгілді. Жалпы өрт басталғалы бері тікұшақтың құрылғысымен төгілген су 130 тоннаға жетті. Алайда, жел екпінінің күшеюі өртті сөндіруге кедергі келтіріп тұр, -деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметі.

Бүгін резерват аумағында өртті тоқтату мақсатында минералды жолақ жүргізуге қосымша 10 ауыл шаруашылығы техникасы кіріскен. Кеше бұл жұмысқа 2 трактор тартылған еді.

– Минералды жолақ өрт аумағын азайтуға септігін тигізеді. Жалынның басқа аумаққа жайылмауына мүмкіндік береді. Қазір арнайы құрылған жедел штаб резерват аумағындағы өртті сөндіру жұмысын тәулік бойы үйлестіріп отыр. Өртті сөндіру жұмысына 130-ға жуық адам, 35 техника тартылды, - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Ақжайық» резерватындағы ахуал бақылау мұнараларынан тікелей көрсетіле бастағанын жаздық.

Кеше 50 гектарда қамыс өрті сөндіріп жатқанын хабарлаған едік.

Ал, бүгін «Ақжайық» табиғи резерватындағы өртке адам факторының әсері болуы мүмкін екенін хабарладық.

 

Соңғы жаңалықтар