Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы 50 гектарда қамыс өрті сөндіріліп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM — «Ақжайық» табиғи резерватында 1200 гектарды шарпыған қамыс өрті сөндірілді. Қазір 50 гектардағы жалынды сөндіру жалғасып жатыр.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаев өрт ошағындағы жедел штабқа жетекшілік етіп жүр.
— Өткен түнде өрт аумағы 400 гектарға ұлғайды. Бұған жел бағытының тұрақсыздығы мен күшеюі әсер етті. Бүгін, 18 маусымдағы таңертеңгі жағдай бойынша 1 206 гектар аумақтағы өрт сөндірілді. Қазір 50 гектарға жуық аумақта жалын ошағы оқшауланып жатыр. Оған 120-дан астам адам мен 30-ға жуық техника жұмылдырылды, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қамыс өртін сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері, орман шаруашылығы мамандары мен мердігер мекемелер тартылған.
Сонымен қатар Атырау облысында «Ақжайық» табиғи резерватындағы өртті сөндіру үшін амфибия-экскаваторын тартуға шешім қабылданды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, өрт сөндіру техникалары жете алмайтын аумаққа амфибия-экскаваторы жеткізілген.
— Экскаватор Жайық өзенінде жүргізіліп жатқан түп тереңдету жұмысынан алынып, батпақты аумақтарда минералдық қорғаныс жолақтарын салу үшін қолданылады. Бұл әдіс тұтану ошақтарын оқшаулауды, жоюды жылдамдатуға, өрттің одан әрі таралуының алдын алуға мүмкіндік береді. Жер бедерінің батпақты және шымтезекті болуы қамыс өртін сөндіруді қиындатып тұр. Мұндай жағдайда сөндірілген оттың қайта тұтану қаупі жоғары болады. Амфибия-экскаваторды қолдану — тиімді әрі қажетті шешім, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі толық сөнбегенін жазған болатынбыз.
Ал бүгін «Ақжайық» резерватындағы ахуал бақылау мұнараларынан тікелей көрсетіліп жатыр.