Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі бықсып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті толық сөнген жоқ. Жалын шарпыған аумақ әлі бықсып жатыр.

Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі бықсып жатыр
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, резерваттағы өртті сөндіруге тартылғанған құтқарушылар мен әскерилерге қолдау көрсетіліп отыр. 

— Қамыс өртін сөндірушілер мен мамандарға күн сайын 3 мезгіл ыстық тамақ жеткізу ұйымдастырылып жатыр. Арнайы техникалар үшін жанар-жағар май жеткізу қолға алынды, — дейді Шәкір Кейкін.

«Ақжайық» резерватындағы өртті сөндіруге Атырау облысының аумақтық қорғаныс бригадасынан 30 әскери қызметші тартылды. 

— Батыс өңірлік қолбасшылығының бұйрығына сәйкес Атырау облысының аумақтық қорғаныс бригадасына қарасты 99246 әскери бөлімінен 30 әскери қызметшіні өрт сөндірушілерге көмекке жіберуге шешім қабылданды. Жеке құрам облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге жалынды сөндіруге кірісті, — дейді аумақтық қорғаныс батальонының командирі Руслан Спанов.

Атырау облыстық полиция департаменті балық қорына қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкері Бекзат Шапағаттың айтуына қарағанда, резерват аумағы бақылауға алынған. 

— «Ақжайық» табиғи резерватының аумағында балық аулауға, бөтен адамның жүруіне тыйым салынды. Қазір 13 полицей тәулік бойы патрульдеп жүр. Тәртіп сақшыларына 1 дрон және 4 автокөлікпен қамтылды, — дейді Бекзат Шапағат.

Еске сала кетелік, бұған дейін «Ақжайық» табиғи резерватындағы өртке адам факторының әсері болуы мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз

Сондай-ақ, «Ақжайық» резерватындағы өртті сөндіруге тағы бір тікұшақ тартылды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қамыс өртіне байланысты төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ екенін айтты

Соңғы жаңалықтар