Атырауда алаяқтық жасаған блогер мен оның досы бас бостандығынан айырылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау соты блогер мен оның досын алаяқтық бабымен кінәлі деп таныды. Сот үкімімен блогер 6,5 жылға, ал, досы 5,5 жылға сотталды.

Атырау қаласындағы №2 соттың мәліметіне қарағанда, алаяқтық күдігіне ілінген сотталушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен айып тағылған.
– 2024 жылғы 4 наурыз бен 12 сәуір аралығында Атырау қаласында блогер Н. және оның досы С. инвестиция арқылы табыс табуға болады деген сылтаумен танысы Ш.-ны мобильді қосымша арқылы қомақты қаржы аударуға көндірген. Құрбылар ақша салу арқылы үлкен пайда табуға болатынын айтып, Ш.-ны әртүрлі датада түрлі сомада аударымдар жасауға үгіттеген. Ұзақ уақыт бойы Н. және С. жәбірленушімен байланысын жалғастырып, жасанды түрде инвестициялардың сәттілігі туралы иллюзия жасаған, -деп хабарлады аталған соттан.
Ал, жәбірленуші Ш. жылдам қаржылық табыстан үміттеніп, 33 млн теңгеден астам ақша аударған. Сондай-ақ, әртүрлі банктен несие алып, өзінің алтын бұйымдары мен премиум класстағы көліктерін кепілге қойған. Алайда, жәбірленуші уәде етілген пайданы ала алмаған.
– Н. және С.-ның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жәбірленуші Ш.-ға жалпы сомасы 33 млн 300 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Сонымен қатар, С. және Н. өздеріне алған міндеттемелерін орындамайтынын біле тұра, алдау жолымен гүл сататын компанияларының өкілдерін төлем жасамай, оларға гүл беруге итермелеген. Н. гүлді алғаннан кейін Instagram желісіндегі парақшасына жүктеп, «Мистер Х»-тен сыйлық екенін көрсеткен. Олардың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде гүл дүкендерінің иелеріне – жәбірленуші З.-ға 634 мың теңге, ал, жәбірленуші А.-ға 3 млн 354 мың теңге материалдық шығын келтірілген. Жәбірленушілерге келтірілген залал өтелмеген, - деп мәлім етті №2 соттан.
Айыпталушылардың алаяқтық әрекеттері іс материалдарымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, геолокация деректерімен, банктік аударымдар туралы мәліметтермен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен және айғақ заттармен дәлелденген. Сот С. мен Н.-ның жасаған ісіне өкінгенін, жас баласының барын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
– Сот үкімімен айыпталушылар айып тағылған баппен кінәлі деп танылды. С.-ға 5 жыл 6 ай, Н.-ға 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, -деп нақтылады соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда кәсіпкерден 2 млн теңге бопсалаған екі күдікті қамауға алынғанын жазған болатынбыз.