Атырауда әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады
Атырауда 4 қазанда әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады. Ал 9 қазанда көппәтерлі тұрғын үйлерге жылу беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Хабиевтың мәліметінше, биылғы жылыту маусымына дайындыққа 727 млн 471 мың теңге бөлінген. Жылыту маусымына көпқабатты 1228 тұрғын үй дайындалған.
«Биыл жылыту маусымына дайындық кезінде жалпы ұзындығы 8 800 метр жылу және ыстық су құбырларына жөндеу жүргізілді. Бұл жұмысқа 300 млн 463 мың теңге жұмсалды. Ал 143 млн теңгеге 12 жылу беру бекетіне 6 жылу қазаны, 12 генератор, 4 жылу алмастырғыш және 27 сорғы құрылғысы сатып алынды. «АтырауЖылуЖүйелері» АҚ-ның сенімгерлік теңгеріміне 11 орталық жылу бекеті беріліп, жылу маусымы кезеңінде күтіп-ұстауға 284 млн теңге бөлінді. Қазір аталған мекемемен келісімшарт жасалды», - деп хабарлады Қайрат Хабиев.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының директоры Еркебұлан Кенжеғалиевтың айтуынша, өңір тұрғындарының 99,8 пайызы табиғи газ желісіне қосылған.
«Тұрғындарға бірінші кезекте қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеміз. Жылу қазандығын қоспас бұрын түтін мұржаларын тазалап, желдету арналарын, жылыту жүйелерін мұқият тексеру қажет», – деп мәлім етті Еркебұлан Кенжеғалиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының қысқы жылыту маусымына дайындығы 87 пайыз екенін жазған едік.