Атырауда алғаш рет қатерлі ісікке шалдыққан науқастың өкпесіне торакоскопия отасы жасалды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау дәрігерлері қатерлі ісігі бар науқастың өкпесіне торакоскопия отасын жасады. Бұл — жергілікті онкология диспансеріндегі алғашқы ота. 

операция
Фото: Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сол жақ сүт безінде қатерлі ісігі бар науқасқа бұрын ота жасалған. Содан соң химиотерапия, сәуле емі тағайындалған. 

«Науқас жоспарланған емдеу курсын ұдайы алып жүрді. Бірақ, қазір науқаста метастазының өршігені анықталды. Сол себептен, ісіктің өкпе мен бас миына таралуының алдын алу тактикасы жоспарланды. Өкпенің төменгі сол жақ бөлігіне атипикалық резекция жасалып, тораскопиялық ота арқылы ісік алынды. Торакоскопия — өкпе қуысындағы ауруларды, ісіктерді тексеру және алу үшін қолданылатын аз инвазивті процедура түрі. Дәл осы ота облыстық онкология диспансерінде алғаш рет жасалып отыр», — деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Бұл отаны жасауға хирургия бөлімінің меңгерушісі, онкохирург Мақсат Шамшенов жетекшілік еткен дәрігерлер тобы қатысқан. Топ құрамында Ақылбек Айтуғанов, Алтыншаш Дүйсеналиева, анестезиолог-реаниматолог Алиакбар Имаматдинов бар. Жергілікті дәрігерлердің алғашқы отасы сәтті аяқталған. Қазір науқас дәрігерлердің бақылауына алынған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысы әкімінің грантымен жоғары білім алған 13 дәрігер жұмысқа орналасқанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар