Атырауда алғаш рет науқастың өт жолын кеңейту отасы жасалды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облыстық ауруханасының дәрігерлері алғаш рет өт жолын кеңейту отасы жасауды қолға алды. 

операция
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 51 жастағы науқасқа «Декомпенсация сатысындағы жалпы өт жолының төменгі үштен бір бөлігінің стенозы» диагнозы қойылған. Бұл отаны облыстық аурухананың үш дәрігері – хирург Аманқос Қуанышов, эндоскопист Арман Алиев пен УДЗ дәрігері Жанар Қайдар жасаған.

– Науқасқа шұғыл түрде Терi, бауыр арқылы бауырдан тыс өт жолдарын нитилонды стентпен эндоскопиялық сүйемелдеумен эндобиллиарлы стенттеу» бойынша медициналық көмек көрсетілді. Нақтылай айтатын болсақ, толыққанды өт ас қорыту жүйесіне түспегені анықталды. Сол себептен науқастың өт жолын кеңейтіп, арнайы стенд салдық. Мұндай операция Атырау облысында алғаш рет жасалып отыр. Ота сәтті жасалды. Науқастың отадан кейінгі жағдайы бақылауға алынды. Оның жағдайы бірқалыпты, өміріне төніп тұрған қауіп жоқ, - дейді дәрігер Аманқос Қуанышов.

Дәрігердің пікірінше, осы кезге дейін мұндай күрделі ота Алматы қаласындағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жасату үшін жолдама беріліп келген. Ал биыл жыл басынан бері облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінде шұғыл және жоспарлы түрде 6181 ота жасалған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда алғаш рет 14 жасар қызға бет-жақ трансплантациясы жасалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар