Атырауда алимент төлеуден жалтарған тоғыз адам қылмыстық жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Атырау қаласында ұзақ уақыт бойы балаларын асырау жөніндегі міндеттерін орындамаған тоғыз ата-ана анықталды, деп хабарлайды өңірдегі прокуратура. Қарыздың жалпы сомасы 46 млн теңгеден асты.
Барлық дерек бойынша қала прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы («Алимент төлеуден әдейі жалтару») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
- Екі борышкер 12,9 млн теңге көлемінде алимент төлемегені үшін сотталып, оларға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қалған борышкерлерге қатысты тергеу әрекеттері жүргізілуде, - делінген ақпаратта.
Прокуратура ата-аналық міндеттерін орындамау тек әкімшілік емес, сонымен бірге қылмыстық жауаптылыққа да әкелетінін ескертеді.
Айта кетейік, Атырауда 80-нен астам мұғалімге 11 млн теңгеден астам өтемақы төленді.