Атырауда «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 500-ге жуық әйел ана атанды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында 2021–2025 жылдар аралығында «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы аясында экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) процедурасы арқылы 500-ге жуық әйел босанып, сәби сүю арманы орындалған.
Бағдарлама бедеулік диагнозы қойылған ерлі-зайыптыларға жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, өңірдің демографиялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сүйенсек, бұл бағдарламаның көмегімен 2021 жылы 154, 2022 жылы 131 әйел ана атанған. Ал 2023 жылы 98, 2024 жылы 84 келіншек босанған.
2025 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында ЭКҰ процедурасынан өткен 44 әйел жүктілікке қол жеткізген. Қазіргі таңда олардың басым бөлігі жүктілікті бақылау және медициналық сүйемелдеу кезеңінде.
Мамандардың айтуынша, алдағы айларда бұл көрсеткіш нақты босану нәтижесімен толықтырылмақ.
Денсаулық сақтау саласының өкілдері бағдарламаның тиімділігі жыл сайын дәлелденіп келе жатқанын атап өтеді. ЭКҰ технологиясының қолжетімді болуы көптеген отбасыларға қаржылық ауыртпалықсыз заманауи медициналық көмек алуға мүмкіндік берді.
Осыған дейін Атырауда салмағы 5,8 келі болған алып бала дүниеге келгенін хабарлаған едік.