Атырауда апатты мұнай ұңғымасы маңынан құстардың өлексесі табылды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Махамбет ауданындағы Таңдай ауылы маңында орналасқан апатты мұнай ұңғымасы жанындағы шұңқырдан 10-нан жабайы үйректің өлексесі табылды. Бұл деректі облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев растады.
Ескі ұңғыма Таңдай ауылынан шамамен 3 шақырым жерде, Таңдай — Аққыстау автожолының бойында орналасқан. Аудан әкімдігінің мәліметінше, 1960 жылдардың басында аталған аумақта «Ембімұнайгаз» бірлестігі тарапынан мұнай ұңғымасын бұрғылау жұмысы жүргізілген.
— Бұрғылау жұмысы барысында ұңғыма түсіп кеткен, нәтижесінде осы күнге дейін шұңқыр пайда болған. 2024 жылы адамдар мен жануарлардың өмірі мен қауіпсіздігіне төнетін қауіпті азайту мақсатында «Тұмар Петрол» мекемесінің демеушілігімен шұңқырдың айналасы бетонмен қоршалды. Сонымен қатар шұңқырды мекендеген ішіндегі жабайы құстар алынып, іші тазартылды, — деп хабарлады Махамбет аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазір аталған нысанның орналасқан жер учаскесі ешкімнің меншігіне тиесілі емес.
Алдын ала мәлімет бойныша, K-30J деп белгіленген ұңғыма 1965 жылы бұрғыланған. Кейін ол Атырау облысындағы экологиялық проблемалар тізіліміне енгізілген. Экология департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, «TUMAR I-Energy» (бұрынғы «TUMAR PETROL») 2022 жылғы 8 қарашада № 5127-УВС келісімшарты бойынша Жайық учаскесінде көмірсутектерді барлау және өндіру құқығын алған.
— Қазір компания ұңғыманы жою мәселесін зерттеп жатыр. 2026 жылғы 26 шілдеде Энергетика министрлігіне шұңқырдағы сұйықтықты бақылаумен сорып алу және оның құрамын анықтау жөніндегі инженерлік-іздестіру жұмысын жүргізу туралы ұсыныс жолдаған. Алдын ала бақылау мерзімі алты айға дейін созылуы мүмкін, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Жылыой карбонатты платформасы аумағында жаңа мұнай-газ қорларын іздеу жұмыстары жалғасып жатқаны жөнінде жазған едік.