Атырауда әскери қызметші қаза тапты

АТЫРАУ.KAZINFORM — Бүгін Атырау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде жоспарлы далалық атыс жаттығулары кезінде мерзімді әскери қызметші оқ жарақатын алған. Әскери облыстық ауруханада көз жұмды.

Атырауда әскери қызметші қаза тапты
Фото: Мухтор Халдорбеков / Kazinform

Алдын ала деректер бойынша, оқиға қаруды пайдалану кезінде жіберілген абайсыздық салдарынан болған.

— Әскери қызметші дереу медициналық мекемеге жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Оның отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі, — деп мәлімдедң Атырау гарнизонының баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық себебі мен мән-жайды анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Ресми мәліметке сүйенсек, Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты әрі объективті түрде тексеру үшін оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары басшылығымен арнайы комиссия жіберілді. Тергеу барысы ҚР Бас әскери прокуратурасының бақылауына алынды.

Жуықта Абай облысындағы гарнизонда әскери қызметші көз жұмғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум