Атырауда ауа температурасы +43 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болуы мүмкін
АТЫРАУ. KAZINFORM – Синоптиктер мен дәрігерлер атыраулықтарға ауа температурасының +43 градусқа дейін көтерілуі мүмкін екенін ескертті.

«Қазгидромет» РМК-ның Атырау облыстық филиалы ауа-райын болжау бөлімінің басшысы Айна Қазғұлованың айтуына қарағанда, шілде айында ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болуы мүмкін.
– Атырау облысында айлық орташа температураның қалыпты көрсеткіші +25,6°С - +27,9°С аралығында болады. Алайда биыл +26,9°С пен +29,1°С аралығында құбылады. Бұл көрсеткіш көпжылдық орташа мәннен шамамен +1 градусқа жоғары болғалы отыр. Бірақ, шілде айының екінші және үшінші онкүндігінде күн қатты ысиды. Ауа температурасы +38°С-тан +43°С-қа дейін көтеріледі. Осы күндері түнгі мезгілде қатты салқын болмайды. Түнгі ауа температурасы +22°С пен +27°С аралығында сақталады, - дейді Айна Қазғұлова.
Кейінгі күндері ауа райының күрт ысығаны байқалып отыр. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас терапевті Мейіргүл Кенжеғалиева осыған байланысты дәрігерлер тұрғындарға, әсіресе, балаларға, қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдарға барынша сақтық болуды ескертті.
– Ауа температурасының жоғарылауы ағзаның тез шаршауына, қан қысымының көтерілуіне, жүрек-қан тамырлары жұмысының әлсіреуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осы кезеңде тұрғындар көлеңкеде жүруі, бас киім киіп, сұйықтықты көп мөлшерде тұтынуы тиіс. Күннің ең қызған уақыты – сағат 11:00 мен 17:00 аралығында далада ұзақ болмаған жөн, - дейді Мейіргүл Кенжеғалиева.
Еске сала кетелік, бұған дейін 11 шілдеге арналған ауа райы болжамы хабарланған болатын.