Атырауда ауадағы күкіртті сутегі шекті мөлшерден асып кетті
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда ауадағы күкіртті сутегінің шамадан тыс асу дерегі тіркелген. Бүгін оның мөлшері рұқсат етілген шекті шоғарланудан 16 есеге дейін артқан.

Атырау қаласының тұрғындары соңғы екі-үш күннен бері әлуеметтік желіде ауада жағымсыз иіс шыққанына шағым айтып жатыр.
Осыған орай, бүгін, 25 наурызда Атырау облысы бойынша экология департаменті ауа сапасына жүргізілген мониторингтің мәліметін жариялады.
«Департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары Атырау қаласында атмосфералық ауадағы жағымсыз иіске байланысты шаһар аумағында орналасқан ауа сапасын бақылау стансаларында мониторинг жұмысын жүргізді. «Air kz» желісі мәліметіне сәйкес, 25 наурыз күні күкіртті сутегі №112 «Акимат», №113 «Авангард», №109 «Восток» автоматтандырылған ауа сапасын бақылау стансаларында рұқсат етілген шекті шоғырланудан 16 есеге дейін асу фактісі тіркелді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Мәселен, бүгін таңертеңгі сағат 07:00-де №112 «Акимат» стансасында күкіртті сутегінің мөлшері 125 мкг/текше метрді көрсеткен. Дәл осы уақытта «Авангард» шағын ауданында бұл көрсеткіш 49,3 мкг/текше метр болған. Ал, Ал, сағат 06:00-де «Тұрғын үй қалашығы» шағын ауданындағы ауа сапасын бақылау стансасында күкіртті сутегінің мөлшері бұл көрсеткіш 51,2 мкг/ текше метр болып тіркелген.
«Атырау қаласының оң жақ бөлігінде «Квадрат» су булану алаңы бар. «Тазалық» бағдарламасымен су булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары (рекультивация) жүргізіліп жатыр. «Қазгидромет» РМК Атырау филиалы сынақ зертханасының мамандарымен бірге Атырау қаласының ауа сапасына мониторинг жұмыстарын жүргізу жалғасады», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы Миялы ауылының көшелерін еріген қар суы басқанын жазған болатынбыз.
