Атырауда аудандық соттың судьясы 2,5 млн теңге парамен ұсталды
АТЫРАУ. KAZINFORM - Атырау облысында судьяның алаяқтық іс-әрекеті әшкере болды.

2024 жылғы 10 қаңтарда Атырау облысы Махамбет аудандық сотының судьясына іс қозғалған.
Ол Қылмыс кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы, яғни алаяқтық іс-әрекеті үшін айыпталып отыр.
Материал сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
«Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің қызметкерлері сот әкімшілігі департаментінің ішкі қауіпсіздік бөлімімен бірлесе отырып, 15 қаңтарда судьяны 2,5 млн теңгені алу кезінде парамен ұстады» деп мәлімдеді Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Күдіктіге процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылмаған.
Қазіргі уақытта екі ведомствоның бірлескен іс-әрекетімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.