Атырауда автоматты таразылар арқылы жүк көліктерінің жүргізушілеріне 147 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласы Бесікті ауылы маңындағы автоматты өлшеу станциясының жұмысына қатысты жүк көліктері жүргізушілерінің шағымына Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы түсінік берді. Мамандардың мәліметінше, Атырау–Индер тасжолындағы үш автоматты станция 7 қыркүйектен бастап қайта жұмыс істеп тұр.

Атырауда автоматты таразылар арқылы жүк көліктерінің жүргізушілеріне 147 млн теңге айыппұл салынды
Видеодан алынған кадр

Жуықта жүк көліктерінің жүргізушілері күре жолда орнатылған автоматты таразының жұмысына шағымданды. Олардың айтуынша, жол бойында электронды таразы туралы ескерту белгілері мен көліктің салмағын көрсететін арнайы табло болмаған. Соған қарамастан, жүйе арқылы әр жүргізушіге 3 млн-нан 55 млн теңгеге дейін айыппұл салынғанын айтқан еді.

Жалпы Атырау–Индер тасжолында жүк көліктерінің салмақ параметрлерін өлшейтін үш автоматты өлшеу станциясы бар. Олар Индербор кентінің Атырау–Орал тасжолына шығатын тұсында, Жарсуат және Бесікті ауылдарының маңында орналасқан. Барлығында ескерту белгісі орнатылған.

Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының мәліметінше, аталған станциялар сертификаттау мерзімінің өтуіне байланысты мамыр-қыркүйек айлары аралығында уақытша жұмысы тоқтатылған. 7 қыркүйектен бастап қайта іске қосылып, қазір тұрақты режимде жұмыс істеп тұр.

Алайда кейбір жүргізушілер станциялардың қайта іске қосылғанынан хабарсыз болғанға ұқсайды. Бұған қоса, осы айда Махамбет ауданындағы Атырау–Орал және Атырау–Индер автомобиль жолдарын жалғайтын көпірде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бірнеше күнге уақытша шектеу енгізілген.

7 қыркүйектен бері ауыр жүк көліктерінің белгіленген салмақ нормативін бұзуына қатысты 210 заңбұзушылық тіркелген. Жүргізушілерге жалпы сомасы 147 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Оның 70 пайызы мемлекет бюджетіне өндірілген.

— Станциялар толықтай сертификаттаудан өтіп 7 қыркүйектен бастап тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Ал ескерту таблосына қатысты жергілікті атқарушы органға хат жолдадық. Станциялар орнатылғаннан бері олардың алдында ескерту таблосы болған жоқ. Жүргізушілер тарапынан көтерілген мәселе бойынша инспекция тарапынан көлік прокуратурасымен бірлесіп фото, видео материалдарды пайдаланып, оларға мән-жай мен заңдылықты түсіндірдік, — деді Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Әнуар Бисалиев.

Инспекция өкілдерінің айтуынша, салмақ нормативін бұзу дерегі көбіне жүк түсіру механизмі бар Shacman, Howo және КамАЗ маркалы ауыр жүк көліктеріне қатысты анықталған.

Ал автоматты өлшеу станцияларының алдына ескерту таблоларын орнату келер жылға жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мәлімдеді.

Бұған дейін Теміртау қаласында полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған жүргізушіге 174 мың теңге айыппұл салынғанын жазған едік.