Атырауда бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерге 2,8 млн теңге айыппұл салынған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасын негізсіз өсірген кәсіпкерлерге  2 млн 817 мың теңге айыппұл салынған.

Атырауда бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерге 2,8 млн теңге айыппұл салынған
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің айтуынша, ең өткір мәселенің бірі — күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы.

— Былтыр Атырау облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті ҚР Сауда қызметін реттеу туралы заң талаптарын бұзған 62 кәсіпкерлік субъектіге жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысымен 46 кәсіпкерлік нысаныа 16 ескерту беріліп, 30 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 2 млн 817 мың 691 теңгені құрады, - дейді Марат Мурзиев. 

Оның айтуына қарағанда, былтырғы мамырда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшері бекітілген. Осыған орай мониторингтік топ апта сайын ең қажетті азық-түліктердің бағасын қадағалайды. 

— Өңірдегі сауда нысандарының иелеріне бағаны тұрақтандыру жөнінде кеңес берілді. Соған қарамастан, тұтынушылар арызына сәйкес Атырау қаласындағы «Анвар», «Марко», «Ярмарка», «Маша Фрут», Құлсары қаласындағы «Идеал» супермаркетіне шара қолданылды. Өйткені бұл сауда орындарында төтенше жағдай кезінде белгіленген тауарлар шекті бағадан қымбатқа сатылған. Енді биыл әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз өсірген кәсіпкерлерге айыппұл көлемі бірінші заң бұзушылықтан кейін ескертусіз салынатын болады, - деп хабарлады Марат Мурзиев.

Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер «Дина», «Көктем», «Сарайшық» базары мен «Лидер», «IDEAL», «Paida market» супермаркетінде, сондай-ақ 6 сауда повильонында сатылады. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының тұрақтандыру қорынан 1,4 мың тонна картоп сатылғанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар