Атырауда балабақшаның бірі жөндеуге жабылды, екіншісі бұзылады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңындағы Еркінқала ауылында балабақша жөндеуге жабылды. Бұған биыл наурызда қабырғасының жарылғаны себеп болған.

Сәтпаевта жаңартылған балабақша 300-ден астам баланы мектепке дейінгі біліммен қамтып отыр
Фото: Айзада Ағылбаева/Kazinform

Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, №37 «Болашақ» балабақшасының ғимараты 2019 жылғы 17 желтоқсанда қолданысқа берілген. 

– Еркінқала ауылдық округіндегі бөбекжай-бақшаның құрылысын «Тоныкөк құрылыс» ЖШС жүргізіп, пайдалануға тапсырған. Нысан 290 орынға есептелген. Осыған дейін қалыпты жағдайда болды. Биылғы жылдың 31 наурыз күні бөбекжай-бақшаның бір жақ бөлігіндегі төменгі қабаттағы қабырғаларында жарықтар пайда болды. Едені төменге түскен. Кейін жарық ұлғайды, - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі. 

Осыған байланысты балабақшаның нысанына техникалық сараптама жүргізіліп, 14 мамырда қорытындысы шығарылған. Соған сәйкес нысанның техникалық жағдайы толық қалпына келтірілгенге дейін балалардың қауіпсіздігі үшін жұмысын тоқтату керек деген қорытынды жасалған. 

– Балабақша 1 маусымда жұмысын тоқтатты. Атырау қалалық білім бөлімінің шешіміне сәйкес балалар жақын маңдағы балабақшаларға орналастырылды. Қызметкерлердің 80 пайызы еңбек демалысына жіберілді. Өзге қызметкерлерге ұжымдық шарт бойынша жалақының 50 пайызы төленеді. Қазіргі кезде жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр, - деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен. 

Ал Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылындағы балабақшаны бұзуға шешім қабылданған. Бұл деректі аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова растады. 

Аталған балабақша 2016 жылы пайдалануға берілген. Оның құрылысы «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» бағдарламасымен салынған. Сыйымдылығы 160 орындық балабақшаға «Балдәурен» атауы берілген.

– Бұл балабақшаның іргетасы отырып, жарық пайда болды. Мердігер бірнеше рет жөндеу жүргізді. Техникалық сараптама қорытындысына сәйкес балабақша нысаны 2022 жылы апатты жағдайда деп танылды. Соған байланысты аталған балабақша бұзуға түпкілікті шешім қабылданды, - деді Гүлнафис Айшуақова. 

Алайда, апатты балабақшаның нысанын бұзу әлі басталмаған. Енді Шоқпартоғай ауылында тағы бір балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа балабақша 280 орынға арналған. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда қайтарылған қаржы есебінен мектеп-интернаттың құрылысы басталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар