Атырауда баласының суицид жасауға оқталуына себепкер әке 6 жылға сотталды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда ер адам баласының суицид жасауға оқталуына себепкер болған. Сот кінәліні 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Атырау қаласындағы № 2 соттың мәліметіне сүйенсек, сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 3-бөлігімен айып тағылған. Бұл — кәмелетке толмағанды өзін-өзі өлтіруге оқталуына дейін жеткізу.
— 2023 жылдың қараша айында сотталушы өзінің кәмелетке толмаған баласына қатыгездік көрсетіп, оны өзін-өзі өлтіруге оқталуға дейін жеткізген. Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушының кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленуші мен оның заңды өкілінің, кәмелетке толмаған куә мен іс бойынша куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, кешенді сот-психологиялық-психиатриялық, қосымша кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен дәлелін тапты, — деп хабарлады қалалық соттан.
Алайда сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспей, ақтауды сұрады. Сотталушының жазасы мен қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін, не ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
— Сотталушы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. Оған ҚР Қылмыстық кодесінің 58-бабының 6-бөлігіне сәйкес түпкілікті 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — деп мәлім етті соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Атырауда 15 жасар қызға зәбір көрсеткен күйеуі 2,5 жылға сотталғанын хабарлаған едік.