Атырауда банкрот болғысы келген 2 792 адамның өтініші қараусыз қалды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері 3 488 адамдан банкрот деп тануға өтініш түскен.

Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының бас маманы Шұға Жаншаеваның дерегіне сүйенсек, осы кезге дейін 149 өтініш мақұлданған. Ал, 104 өтініш әлі қаралып жатыр.
«Жеке тұлғаларды банкрот деп танудың өзіндік талабы бар. Алдымен «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңның талабына сәйкес өтініш бергендердің қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Биыл жыл басынан бері өтініші мұқият тексерілген 375 адам банкрот деп танылды. Енді оларға алдағы 5-7 жылда банктерден және микроқаржы ұйымдарынан несие алуға тыйым салынады. Банкрот болып танылғандардың қаржылық жағдайына алдағы 3 жыл бойы мониторинг жүргізіледі», - дейді Шұға Жаншаева.
Оның мәліметінше, 2 792 адамның өтініші қараусыз қалдырылған. Оның бірнеше себебі бар.
«Өйткені, бұл борышкерлердің жұбайларының атына бірнеше мүліктің тіркелгені анықталып болып отыр. Мәселен, бірінің атында автокөлік, өзге мүлік, бағалы қағаздар мен банктерде ашылған депозит бар. Кейбірінің жұбайымен бірге ортақ мүлкі бары анықталды. Міне, осындай себептерден соң 2 792 адамның өтінішін қараусыз қалдыруға шешім қабылданды. Енді олар банкроттықты қолдана алмайды», - деп мәлім етті Шұға Жаншаева.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 350 адам соттан тыс банкрот деп танылғанын жазған едік.