Атырауда Береке, Алмалы, Бесікті ауылдарын су басуы мүмкін

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласы маңындағы Береке, Алмалы, Бесікті ауылдарын тасқын су басу қаупі төнуі мүмкін.

тасқын су
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, Атырау қаласындағы Жайық өзенінің жағалауы 105 шақырымды құрайды.

Қорғау бөгетінің ұзындығы — 77 шақырым. 

«Облыста жағалаудағы бекітілуі тиіс аумақтың ұзындығы 182 шақырымды құрайды. Жайық өзенінің жағалауын бекіту үшін құрылыс нысандарының жұмысы тоқтатылды. Қазір жағалауды бекітуге 1 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Техниканың 600-ден астамы Атырау қаласында тартылды», -деп хабарлады Жасұлан Бисембиев. 

Тасқын суды бұру үшін табиғи арналарды тазарту басталған.

Осы мақсатта Көктоғай ауылындағы Ақсай, Жарсуат ауылының тұсындағы Құрайлы каналы тазартылады.

Аққала ауылының маңында осындай тағы бір арна бар. Ал, Махамбет ауданында 8 арна бар.

Мәселен, Нарын каналының 3 шақырымы қазылып жатыр.

Бұған қоса Бақсай каналы, Есбол-Қазыбай, Алға-Егіз, Айсары Зворный каналдары, Ақтоғай ауылының тұсында тұсында екі нүкте анықталды.

Бұл — табиғи сай.

«Басты мақсатымыз — тасқын судың елді мекендерге кіруіне жол бермеу. Дегенмен, Атырау қаласының солтүстігіндегі елді мекендерге су басу қаупі бар. Оның ішінде Бесікті, Алмалы, Береке елді мекендерін тәуекел аймағында тұр. Сол себептен, осындай ауылдардың маңында екі қатарлы қорғау бөгеті салынып жатыр», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Серік Шәпкенов Жайық өзенінің суы Атырау қаласына қай тұстан кіруі мүмкін екенін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар