Атырауда бес жыл бұрын өртенген қонақ үй әлі қалпына келтірілмей тұр

Атырау қаласында бес жыл бұрын «Ақжайық» қонақ үйі өртенген еді. Содан бері қонақ үйдің сәулеттік келбеті әлі қалпына келтірілген жоқ, деп хабарлайды Kazinform.

қонақ үй
Фото: azh.kz

Атырау қаласының орталық көшесінде, Жайық өзеніне жақын орналасқан қонақ үй 2018 жылы өртенген.

Содан бері ғимараттың сәулеттік келбеті қалпына келтірілмеген.

Қонақ үйдің бүгінгі жай-күйі Атырау қалалық әкімдігінде арнайы талқыланды.

Қала әкімі Шәкір Кейкиннің пікірінше, «Ақжайық» қонақ үйінің сәулеттік келбетін жөндеп, заман талабына сай қалпына іске қосылмай тұр.

«Мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерінің, жұртшылықтың көкейіндегі басты мәселенің бірі — „Ақжайық“ қонақ үйінің бүгінгі келбеті мен жағдайы. Қонақ үй ғимаратының сыртқы және ішкі келбеті 2018 жылы өртенгеннен бері сын көтермей тұр. Өрттің орын болғанына 5 жылдан асты. Алайда, әлі күнге өзгеріс жоқ. Қыс мезгілінде ішкі жұмыстарын жүргізіп, жазда сыртқы келбетін қалыпқа келтіретіндей уақыт болды. Қонақ үйдің сәулеттік келбетін қалпына келтіріп, іске қосатын уақыт жетті», -дейді Шәкір Кейкин.

Әкімнің айтуынша, нысанның бағыты — қонақ үй бизнесі. Алайда, ғимараттың алдына атқарушы органның рұқсатынсыз жеңіл конструкциялы дүңгіршектер орнатылған.

«Кәсіп иелері күйі кетіп тұрған қонақ үйдің алдына қосымша заңсыз дүңгіршектер орнатып, қала келбетіне нұқсан келтірмеуі керек. Кәсіпкерлер де бәріне ортақ заң талабын сақтауға тиіс», -деп мәлім етті Шәкір Кейкин.

«Технэ хотел» ЖШС басшысы Санжар Тілеповтің айтуынша, «Ақжайық» қонақ үйінің сыртқы келбетін 2024 жылғы наурыз айында қалпына келтіру жоспарланған.

Ал, ішкі әрлеу жұмысы жоспарға сай жүргізіледі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау әкімі ескерткіш маңында көгершіндерге нан қалдығын шашпауды ұсынғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар