Атырауда былтыр туберкулезге шалдыққан 764 адамға әлеуметтік көмек берілген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Соңғы 10 жылда Атырау облысында туберкулезге шалдыққандар 1,7 есеге азайған. Өлім-жітім көрсеткіші 2,6 есеге төмендеген.

Атырау облыстық физиопульмонология орталығының директоры Байтолла Ғазизовтің айтуынша, өткен жылы 315 адам туберкулез жұқтырғаны анықталған.
– Былтыр туберкулезге шалдыққан науқастар саны 2023 жылғы көрсеткіштен 2,4 пайызға төмендеді. Бұған туберкулезді ерте анықтау мақсатында халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи диагностикалық әдістердің қолданылуы оң әсерін тигізді. Қазір өңірдегі туберкулезге қарсы күрес жүргізетін мекемелер «Gene-Xpert, BACTEC MGIT-960, XDR, Bioneer» сынды инновациялық технологиялармен жабдықталды. Соған сәйкес жұқпалы дертке шалдыққанымен айналасына қауіп төндірмейтін науқастар тұрғылықты жеріндегі емханаларда амбулаториялық ем қабылдады. Өткен жылы сондай науқастардың үлесі 17,7 пайызға артты. Ал дәрі-дәрмекке сезімтал науқастардың емделу көрсеткіші 93,1 пайызды құрады. Дәрілік препараттарға ағзасы төзімді науқастардың емделу деңгейі – 85,6 пайыз, - деп хабарлады Байтолла Ғазизов.
Орталық директорының дерегіне қарағанда, 2015 жылдан бері амбулаториялық ем қабылдайтын науқастарға жергілікті мәслихат шешімімен ай сайын 10 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек төленеді. Мәселен, 2024 жылы мұндай көмек 764 адамға берілген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында кәмелетке толмаған 102 бала қатерлі ісікке шалдыққанын хабарлаған едік.