Атырауда былтырғы қазанда жоғалған бойжеткенді Жайықтан іздеу қайта жалғасты
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда былтырғы қазанда 23 жастағы бойжеткен жоғалып кеткен еді. Оны Жайық өзенінен іздеу бірнеше рет тоқтатылып, енді қайта жалғасты.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан мәлім еткендей, іздестіруге 23 қызметкер, 5 техника, 7 жүзу құралы тартылған.

– Із-түзсіз жоғалған бойжеткен Яна Легкодимованы Жайық өзенінен іздестіру жұмысы 20 наурызда қайта жалғасты. Содан бері сүңгуірлер су астында 138 рет барлау жасалды. Су астында 21 мың 070 шаршы метр аумақ қаралды. Жайық өзенінде ұзындығы 3,4 шақырым су түбінде тралдау жүргізілді, - деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.

Атырау қаласының тұрғыны Яна Легкодимова былтырғы 18 қазанда түнгі сағат 22:00 шамасында үйінен шығып кеткен. Ол 2001 жылы дүниеге келген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жоғалған бойжеткенді Жайық өзенінен іздеу 44 күннен кейін тоқтатылғанын хабарлаған едік.
Кейін оны Жайықтан іздеу тағы тоқтатылғанын жазған болатынбыз.