Атырауда былтырғы су тасқыны жырған жолды жөндеу қашан бітеді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Былтыр көктемгі су тасқыны Атырау облысындағы Дососр-Құлсары аралығына қатынайтын жолды жырып кеткен еді. Бұл жолдың қазіргі ахуалы қандай?

Ремонт дороги Жол жөндеу
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филилалының директоры Серік Керімқұловтың айтуынша, тасқын су жырған тұс республикалық маңызы бар «Доссор-Құлсары» бағытындағы жолда орналасқан. 

— Өткен жылы аталған жолдың өзге бөлігінде де негізгі қабат ылғалдың әсерінен бұзылғаны анықталған еді. Соған байланысты жолға орташа жөндеу жұмысын жүргізу үшін конкурс өткізіліп, мердігерлер анықталды. Қазір аталған жолда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді Серік Керімқұлов. 

Аталған жолда жөндеу жұмыстарын екі мердігер атқарып жатыр. Оның бірі — «Бірлік Жол Строй» ЖШС. Мердігермен былтырғы 13 маусымда келісімшарт жасалған.

Соған сәйкес «Доссор — Кұлсары — Бейнеу — Сай-Өтес — Шетпе — Жетыбай –Ақтау» автомобиль жолының екі бөлігіне — 3-36, 36-69 шақырым аралығында орташа жөндеу жүргізу тапсырылған. 

Мәселен, жолдың 3-36 шақырым аралығында 1 320 шаршы метр шұңқыр жамалады. Ал 54 320 шаршы метрдің жол жабыны қырылып алынады.

Сондай-ақ, 14 800 қума метрді құрайтын жарыққа шайыр құю жоспарланған. Жолдың 7 200 шаршы метр жиегіне қиыршық тас төселіп, нығайту жұмысы жүргізіледі. 

Ал 36-69 шақырым аралығында 1 600 шаршы метр шұңқыр жамалады. Жол бұл бөлігінде 76 431 шаршы метрдің жабыны алынып, 10 152 қума метрге шайыр құйылады. Асфальтбетон жабыны 6 600 шаршы метрге төсеу, 4 500 шаршы жол жиегі қиыршық таспен нығайтылады. 

Ал екінші мердігер — «СинеМидасСтрой» ЖШС-мен арадағы келісімшартқа былтырғы 16 қыркүйекте қол қойылған. Бұл мердігерге жүктеліп отырған міндеттің маңызы зор. Өйткені, аталған компания жолдың үш бөлігіне жөндеу жүргізуді міндетіне алған.

Оның ішінде былтырғы көктемде тасқын су жырған 101-102-шақырым аралығы бар. Сонымен бірге тасқын су басқан 119-122-шақырым аралығына орташа жөндеу жүргізіледі.

— Қазір жөндеу жұмысы жалғасып жатыр. Жұмыстың сапалы атқарылуын ұдайы бақылаймыз. Ал тасқын су жырған бөлікте бұрын су өткізетін тұрба болмаған. Қазір екі темірбетон тұрба қойылып, енді үстіне асфальт төсеу жұмысы қолға алынды. Бұл жұмыс шілденің ортасына дейін аяқталады, — дейді Серік Керімқұлов. 

Алайда, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Атырау филиалының директоры Аслан Дүйсеновтің айтуына қарағанда, орташа жөндеу жұмыстарынан ақау анықталып отыр. 

— Біздің филиалдың мамандары «Доссор — Құлсары» бағытындағы жолдың орташа жөндеу жүргізіліп жатқан бөлігіне тексеру жүргізіп келеді. Жолды тегістеу арқылы қалпына келтіру кезінде негіз қабаты ылғалдың әсерінен бұзылып, бірнеше ақаудың пайда болғанын анықтады. Мердігерлерге былтыр және биыл жөндеу жүргізіліп учаскелердегі бірнеше ақауды жою жөнінде ұсыныстар берілді. Қазір мердігерлер орташа жөндеу жобасында қарастырылмаған негізгі қабаттағы ақауларды өз қаржысының есебінен жоюды қолға алды. Ақауды жою жұмыстарының нәтижесі филиал мамандарының қатаң бақылауында болады, — дейді Аслан Дүйсенов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсарыда су тасқыны салдарынан бүлінген көпір қайта жаңғыртылғанын хабарлаған болатынбыз. 

Өткен аптада Атырау облысында былтырғы су тасқынынан бүлінген жолда көпір пайдалануға берілді.  

Соңғы жаңалықтар