Атырауда білім бөлімі балаларға арналған 600 сыйлықты қабылдамады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде тараған видеода алматылық кәсіпкер Атырау қалалық білім бөлімі ұйымдастырған мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңіске жеткенімен, жеткізілген 600 жаңа жылдық сыйлықтың қабылданбауына байланысты 2 млн 700 мың теңгеге шығынға батқанын мәлімдеді. Ал білім беру басқармасындағылар тауар техникалық талаптарға сай келмегенін айтты.

Балаларға сапалы әрі қауіпсіз жаңа жылдық сыйлықтарды қалай таңдау керек
Фото: pexels.com

Кәсіпкердің айтуынша, ол жаңа жылдық сыйлықтарды жеткізу бойынша мемлекеттік тендерге қатысып, бір сыйлықтың бағасын 4 990 теңге деп ұсынып, өзге қатысушылардан 10 теңгеге арзан баға көрсеткен. Нәтижесінде конкурс жеңімпазы болып Алматы қаласында тіркелген Tulpar Service компаниясы танылған.

Алайда кәсіпкер Атырауға тауарды тапсыру үшін келген кезде, білім бөлімі сыйлықтарды қабылдаудан бас тартқанын айтады.

Жалпы жеткізілген өнім көлемі – 600 дана балаларға арналған жаңа жылдық сыйлық. Оның сөзінше, тек қаржылық шығынға ұшырап қана қоймай, өзін мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан айыратын жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізу туралы хабар алған.

Әлеуметтік желіде тараған видеода кәсіпкер көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар екенін, тұрақты жұмысқа орналасу қиындығына байланысты кәсіпкерлікпен айналысып жүргенін де жеткізді. Ол тендерге дейін және жеткізу барысында қалалық білім бөлімінің қызметкерлерімен хат алмасқанын, сұратылған құжаттардың барлығын ұсынғанын және тауар қабылданады деп сенгенін айтады.

Атырау облыстық білім беру басқармасының берген ресми мәлімедемесіне сүйенсек, сыйлықтарды қабылдаудан бас тарту - тауардың тендерлік құжаттамада көрсетілген техникалық ерекшелікке сәйкес келмеуіне байланысты қабылданған заңды шешім.

– Конкурс шарттарында жаңа жылдық сыйлықтың құрамы нақты көрсетілген. Әрбір жиынтықта 17 түрлі тәтті, олардың салмағы мен құрамы талапқа сай болуы тиіс еді. Ал жеткізілген сыйлықтардың ішінде шамамен 10 ғана тәтті болған және жалпы салмағы белгіленген нормадан төмен болды, – деп хабарлады білім беру басқармасы.

Білім бөлімі ұсынған мәліметке сәйкес, бір жаңа жылдық сыйлықтың бастапқы сатып алу бағасы қосылған құн салығынсыз 10 714,28 теңгені құраған. Аталған тендерге барлығы 17 әлеуетті жеткізуші қатысқан.

Сондай-ақ, бұл конкурс қосымша сатып алу екенін атап өтті. Бұған дейін негізгі сатып алу бойынша жеңімпаз анықталып, әлеуметтік осал санаттағы балаларға арналған 1 162 жаңа жылдық сыйлық толық көлемде және талапқа сай жеткізілген. Ал қосымша 600 сыйлық балаларды қамту аясын кеңейту мақсатында сатып алынған.

– Кәсіпкер біз қойған талаптарға сәйке келмеген тауарды 30 желтоқсан күні әкелді. Келісімшарт талаптары орындалмағандықтан, қаражат жергілікті бюджетке қайтарылды, – деп мәлімдеді білім беру басқармасы.

Еске салайық, мемлекеттік сатып алу бойынша жаңа ережесі енгізілгені туралы жаздық.

@almat.tender @АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ @Tokaev online ♬ الصوت الأصلي - ناصر_naser
Соңғы жаңалықтар