Атырауда бір отбасының екі баласы Жайыққа батып кетті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңындағы Құрманғазы ауылының тұсында бір отбасының екі баласы Жайық өзеніне батып кетті. Бірінің мүрдесі табылды. Ал, екіншісін іздеу жалғасып жатыр.

батып кетті
Фото: Pexels

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, екі жасөспірім бүгін, 1 тамызда түс мезгілінде өзенге батқан. 

«Бұл туралы департаменттің диспетчерлік пультіне бүгін сағат 14:53-те хабар түсті. Атырау қаласына таяу орналасқан Құрманғазы ауылынан тұсында екі жасөспірім Жайық өзеніне суға түскен. Екеуі де – бір отбасының баласы. Оның бірі – 2017 жылғы ұл, екіншісі – 2015 жылы туған қыз», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Құтқарушылар оқиға жедел жетіп, іздестіру жұмысына кірісті. Өзенге батқан жасөспірімдерді іздестіруге 6 құтқарушы, 3 жүзу құралы тартылды. Департаменттің психологтері екі баласы суға батқан отбасына психологиялық көмек көрсетіп жатыр. 

«Түс қайта сағат 16:20-да департаменттің жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері 7 жасар ұлдың мүрдесін тауып, жағалауға шығарды. Қазір 2015 жылғы қызды іздестіру жалғасып жатыр. Құтқарушыларға полиция департаментінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындары көмекке келді», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жаз басталғалы суға батқан 9 адамның төртеуі – бала екенін хабарлаған едік. 

Сондай-ақ, 20 шілдеде Атырауда екі жасөспірім Жайық өзеніне батып кетті. 

Кейін екі күннен соң тағы екі жасөспірім Жайыққа батқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар