Атырауда бюджеттік мекеме есепшілері жалақы аударуда неге жиі қателеседі
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында бюджеттен жалақыға бөлінген қаржыны мақсатсыз жұмсау дерегі денсаулық сақтау, білім, спорт саласында жиі кездеседі.

Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы Саягүл Сапарованың айтуынша, «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесі арқылы өңірдегі 63 білім, 8 дене шынықтыру, спорт, 6 денсаулық сақтау мекемесіне мониторинг жүргізілген.
Мониторинг нәтижесінде 132 млрд теңге көлеміндегі қаржының жұмсалуына ден қойылған.
— Мәселен, былтыр Мақат ауданының Доссор кентіндегі С. Шәріпов атындағы мектеп-интернат бас есепшісінің карт-шотына жалақы түрінде түскен 8 млн 126 мың теңге, ал білім ордасының директорына 11 млн 746 мың теңге көлемінде ықтимал бұзушылық анықталды. Осылайша, бас есепшіге өткен жылғы еңбекақыдан 2 млн 421 мың теңге, іссапар үшін — 51 мың теңге, сыйақыға — 250 мың теңге, директорға жіберілген 217 мың теңге, сыйақы үшін — 593 мың теңге кәсіпорын шотына кері аударылды, — дейді Саягүл Сапарова.
Оның дерегіне қарағанда, Исатай аудандық білім бөліміне қарасты орта мектептерде де осындай кемшілік бар. Қазір негізсіз аударылған қаражатты бюджетке кері қайтару шаралары қолға алынған.
Мұндай жайт Атырау қаласында Н. Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында, С. Зиманов атындағы № 37, Н. Балғымбаев атындағы № 42, Ө. Атамбаев атындағы № 8, Б. Нысанбаев атындағы № 43 орта мектептер мен № 44 мектеп-гимназияда да анықталған.
— Биыл қаңтарда Атырау қаласында орналасқан Ә. Жангелдин атындағы орта мектеп қызметкерінің карт-шотына жалақыға 1 млн 627 мың 156 теңге қаржы аударылған. Бұған 1С бағдарламасымен «қазынашылық клиент» арқылы банктегі жеке сәйкестендіру кодынан кеткен қате себеп болғаны анықталды. Сол себептен 26 қаңтарда аталған қызметкердің карт-шотынан артық аударылған 813 мың 578 теңге мектептің есепшотына кері қайтарылған. Осындай қате аударымдар Жылыой ауданындағы № 16, 5 орта мектептерде де анықталып отыр, — дейді Саягүл Сапарова.
Мұндай қаржылық бұзушылық тек мектеп қана емес, басқарма есепшілерінің тарапынан да болған.
Білім саласындағы есепшілер жалақыға есептелген қаржыны аудару кезінде неге жиі қателікке ұрынады? Мұның себебі неде?
Департамент өкілінің пікірінше, саладағы есепшілер бірнеше мектепте жоғары жүктемемен жұмыс істейді. Бұл — Еңбек кодексінің талаптарына қайшы әрекет.
— Облыстық білім басқармасы мектептерде есепшілердің жетіспейтінін алға тартты. Қазір облыс орталығында 431 есепші, 89 экономист, 55 қаржыгер жетіспейді. Осыған орай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан жұмыссыздар есебінде алынған есепшілер мен экономистердің, қаржыгерлердің тізімін сұраттық. Ал, Құрманғазы ауданында 40, Махамбетте — 36, Жылыойда — 30, Қызылқоғада — 23, Мақатта — 12, Исатайда — 10, Индер ауданында 8 маман жұмыссыздар тіркеуінде тұр. Облыстық білім басқармасына Еңбек кодексіне сәйкес анықталған бұзушылықтарды қалпына келтіруді міндеттейтін хат жолдадық. Бірақ басқарма тарапынан аталған мекемелерге ұсынылған хабарламалар тиісінше орындалмады. Қазір атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы ақпаратты күтіп отырмыз, — дейді Саягүл Сапарова.
Оның мәліметіне сүйенсек, Атырау облыстық обаға қарсы күрес станциясы қызметкерінің карт-шотына 20 наурызда 9 млн 750 мың 555 теңге аударылған. Мекеме басшысының бұйрығына сәйкес аталған қызметкерге механиктің лауазымдық міндетін қосымша атқару жүктелген. Сол үшін төленетін қосымша жалақы пайыздық көрсеткішпен қате есептеліп, 9 млн 606 мың 108 теңге артық аударылған. Бұл қаржы мекеменің шотына кері қайтарылды.
— Біз осындай бұзушылықтарды қалпына келтіру үшін әкімгерлерге хабарлама жібереміз. Олардың бізге берген жауабын талдасақ, барлығында қате аударым жасалғаны алға тартылады. Бірақ мынадай сауал туындайды. Егер есепші қателескен болса, «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулімен анықталғанға дейін неліктен бір де бір қызметкер артық қаржыны өз еркімен қайтармаған? Ал есепшілер артық аударылған қаржыны кері қайтаруға неге тырыспаған? — дейді Саягүл Сапарова.
Аталған департамент директоры Мәулен Мүтиевтің мәліметіне қарағанда, былтыр бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуына 59 аудиторлық тексеру жүргізілген. Тексеру кезінде 34 452,8 млн теңгенің бұзушылығы анықталды.
Оның ішінде 29 648,6 млн теңгесі — қаржылық бұзушылық.
— Есепті кезеңде камералдық бақылау арқылы 17450 мемлекеттік сатып алу қамтылды. Оның ішінде 4702 мемлекеттік сатып алу бойынша 45 325,0 млн теңгенің заң бұзушылығы анықталды. Департамент тарапынан 672 лауазымды тұлға жалпы сомасы 45 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бюджетке 42,4 млн теңге өндірілді, — деді Мәулен Мүтиев.
Департамент анықтаған бұзушылықтарды жою, оған жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы аудит нысандарына арнайы нұсқамалар жолдаған.
Соның қорытындысымен 41 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жасыл желекке күтім жасау конкурсына қатысушылардың құқығы шектелгенін хабарлаған едік.