Атырауда дабыл сиренасы қосылады деген жалған ақпарат тарады

фейк
Фото: Қ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда дабыл сиренасы қосылады деген жалған ақпарат тарады.Атырау облысы ТЖД қоғаммен байланыс тобы әлеуметтік желі мен WhatsApp мессенджерінде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

«Атырау облысында төтенше жағдай кезінде азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесін тексеру жүзеге асырылмайды. «Баршаның назарына» дыбыстық сигналы – төтенше жағдай қаупі төнген жағдайда шұғыл хабарламаларды таратудың алдында халықтың назарын аудару үшін берілетін ескерту сигналы. Белгі берілген жағдайда тұрғындар ағымдағы жағдайдағы іс-қимылдар туралы нұсқаулар алу үшін ақпарат алудың қолжетімді құралдарын дереу қосуы керек. Бұл – телеарна, радио, интернет сайттары, әлеуметтік желі мен мобильді құрылғыларға арналған қосымшалар», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

Облыстық жедел штабтың мәліметінше, 9 сәуірде Ирикла су қоймасынан жіберілген су көлемі секундына 1670 текше метрді құраған. 

Ал, «Казгидромет» РМК өңірлікк филиалының дерегіне қарағанда, 9 сәуірде таңғы сағат 8.00-де Атырауда су деңгейі 30 см-ге көтерілген. Су тасқыны басталғаннан бері Жайық өзенінің көтерілу деңгейі 58 см-ге жеткен. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төтенше жағдай жарияланды.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тұрғындар өміріне қауіп төнсе, алдын ала хабарланатынын айтты.

Кейін Жайық өзенінің суы Атырау қаласына қай тұстан кіруі мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, Атырау тұрғындары тасқын суға қарсы бөгет тұрғызуға жұдырықтай жұмылды.

Соңғы жаңалықтар