Атырауда дрондар қарсы бағытқа шыққан 450 жүргізушіні анықтады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жыл басынан бері дрондардың көмегімен қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығудың 450 дерегі анықталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді.
Мұндай заң бұзушылықтар Ақтөбе — Атырау — Астрахань республикалық маңызы бар тасжолында тіркелген. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 596-бабы 3-бөлігіне сәйкес 450 әкімшілік хаттама толтырылған.
— Атырау облысында жол қозғалысын бақылау үшін дрондар қолданылуда. Бақылау барысында Mercedes-Benz маркалы автокөліктің жүргізушісі тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағыттағы жолаққа шыққаны анықталды. Құқық бұзушылық дрон камерасына түсіп, жүргізушіге қатысты тиісті әкімшілік шара қабылданды, — делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Бүгінде өңірде тасжолдардағы жол қозғалысын бақылайтын үш дрон жұмыс істейді.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында қоқыс тастағандар дрон арқылы анықталып, жауапқа тартылып жатқаны жөнінде жазған едік.