Атырауда дүкен қоймасынан 40 млн теңгенің 3 мыңға жуық вейп өнімі тәркіленді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласындағы дүкеннің қоймасында 3 мыңға жуық вейп өнімі сақталғаны анықталды. Тәркіленген өнімнің құны 40 млн теңгеден асады.

вейп
Фото: Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, вейптер «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде табылған. 

– Полиция қызметкерлері Атырау қаласында вейп өнімдерін сақтаған 19 жастағы тұрғынды ұстады. Күдіктінің тыйым салынған вейптерді курьерлік қызмет арқылы тапсырыспен жөнелтіп отырғаны анықталды. Атырауда қала аумағындағы дүкеннің қоймасын тінту кезінде 3 мыңға жуық вейп өнімі табылды. Тәркіленген тауардың құны 40 млн теңгеден асады, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір аталған дерекке қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдарын жүргізу басталды.

– Елімізде вейп өнімдерін сатуға тыйым салынған. Мұндай өнімдерді заңсыз саудалағаны үшін ел заңына сәйкес қатаң жауапкершілік көзделгенін ескертеміз, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсарылық кәсіпкердің дүкенінде вейп өнімдері мен насыбай сатылғанын болатызбыз.

 

Соңғы жаңалықтар