Атырауда екі жасөспірім қайыр сұрауға мәжбүр болған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау прокуратурасы кәмелетке толмаған екі жасөспірім қайыр сұрағанын анықтады.

Прокуратура
Фото: Маскат Шагырбаев / Kazinform

Атырау облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірмідер құқығын қорғауға байланысты мобильді топтар құрылған. Оның құрамына прокуратура, полиция, қорғаншылық және қамқоршылық, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, үкіметтік емес ұйымдар және басқа мүдделі органдардың қызметкерлері, психологтар енген. 

«Атырау облысында «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жоба аясында қауіп төнген немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған жасөспірімдер анықталады. Мәселен, мобильді топтар өткен айда тұрмыстық қиын жағдайда қалған 50-ден астам отбасына барды. Кәмелетке толмағандар арасында қайыр сұраудың 2 фактісі анықталды. Осыған орай ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 3-бөлігімен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) ата-аналарға әкімшілік хаттама жасақталды», -деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі. 

Ал, түнгі мезгілде көше кезген жасөспірімдерге қатысты 23 дерек тіркелген. Осыған байланысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабымен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) әкімшілік хаттама толтырылған. 

«Атырау қаласындағы 67 мектеп пен 13 колледжде смартфон камерасын QR-кодқа бағыттау арқылы прокуратура сайтына онлайн-хабарлама жіберуге болады. Оның көмегімен оқушылар мен ата-аналар кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзу дерегін, проблемалар туралы ашық хабарлай алады», - деп мәлім етті прокуратураның баспасөз қызметінен. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау жасөспірімдері арасында құқық бұзушылық пен суицид дерегі өскенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар