Атырауда халыққа қызмет көрсету орталығының маманы мүлік иелері туралы ақпаратты жойып жіберген

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда халық қызмет көрсету орталығының маманы мүлік иелері туралы ақпаратты қасақана жойып жіберген.

Атырауда халық қызмет көрсету орталығының маманы мүлік иелері туралы ақпаратты жойып жіберген
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы

Атырау қаласындағы № 2 сотта «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Атырау филиалының маманының заңға қайшы әрекеті сотта қаралды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 206-бабының 2-бөлімінің 1-тармағымен (Ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру) айып тағылған. 

— Филиал маманы 2022 жылдан 2023 жылға дейін жылжымайтын мүлік иелерінің IP-мекенжайы мен электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, қасақана және пайдакүнемдік мақсатпен аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерімен байланысты ақпараттық жүйеде қамтылған заңмен қорғалатын ақпаратты заңсыз жойған. Ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізу арқылы азаматтар мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзған. Оның бұл әрекеті халыққа қызмет көрсету орталығының мүдделеріне қайшы келеді, — деп хабарлады соттан.

Осы іске байланысты прокурор сотталушыға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды ұсынған. Жәбірленуші тарап сотталушыға жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырды. Ал сотталушы кінәсін толықтай мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайды ескерді. Сотталушының асырауында кәмелет жасына толмаған 6 баласының бары, жүктілігі қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

— Сот үкімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодесінің айып тағылған баппен кінәлі деп танылды. Оған жеңілдететін мән-жайлар ескеріліп, коммерциялық немесе өзге де ұйымдарда ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қол жеткізуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыру, 738 мың 400 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды, - деп мәлім етті соттан. 

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық кәсіпкердің дүкенінде 3,7 млн теңгенің алкоголі заңсыз сақталғанын  хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар