Атырауда халықаралық «Қазыналы Каспий» фестивалі өтіп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында «Қазыналы Каспий» халықаралық балық фестивалі өтіп жатыр. Іс-шара Каспий маңы елдерінің мәдениеті, балық шаруашылығы және гастрономиялық дәстүрлері кеңінен насихатталуда.
Басты мақсат – Каспий өңірі елдерінің мәдени байланысын нығайту, су биоресурстарын сақтау, балық шаруашылығы мен аквамәдениет саласын дамыту бағыттарын ілгерілету.
Іс-шара аясында өңір тұрғындары мен қонақтарына арналған ауқымды бағдарлама ұсынылды. Балық өнімдерінің жәрмеңкесінде Атырау облысында жұмыс істейтін жетекші балық шаруашылығы және балық өңдеу кәсіпорындары өз өнімдерін ұсынды. Келушілер сазан, көксерке, ақмарқа, жайын секілді жергілікті балық түрлері мен бекіре өнімдерінің алуан түрін сатып алуға мүмкіндік алды.
Фестиваль аясында аспазшылар арасында аспаздық шеберлік байқауы ұйымдастырылды. Қатысушылар Каспий өңірінің жергілікті балық өнімдерінен авторлық тағамдар әзірлеп, кәсіби шеберліктері мен креативтілігін көрсетті. Байқау барысында тағамдардың дәмдік сапасы, ұсынылу мәдениеті және технологиялық орындалуы бағаланды.
- Балықтан түрлі тағам түрін жасауға болады. Бүгін 9 аспаз үш топқа бөлініп, тіскебасар,сорпа мен екінші тамақ пісіріп жатыр.Олар 45 минут уақыт беріледі. Қатысушылардың жұмысына еліміздің Алматы,Астана сияқты қалаларынан келген бас аспаздардан құралған қазылар алқасы баға береді,-деді осы сайыстың ұйымдастырушысы Бағдат Қадыров.
Сондай-ақ жастарға арналған би байқауы өтіп, заманауи би өнері бойынша сайыс ұйымдастырылды. Қатысушылар қазылар алқасының бағалауымен өз шеберліктерін көрсетті.
Балаларға арналған театрландырылған қойылым көрсетіліп, табиғатты қорғау, Каспий теңізінің байлығы мен экологиялық мәдениет тақырыптары көркем түрде жеткізілді.
Экологиялық акция аясында Жайық өзеніне 7 мыңға жуық бекіре тұқымдас шабақ жіберілді. Бұл шара су биоресурстарын сақтау және балық қорын көбейту мақсатында жүзеге асырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль Каспий өңірінің табиғи байлығын дәріптеп, балық шаруашылығы саласын дамытуға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаң болып табылады.
Атырауда Жайық өзенінде 50-ге жуық кеме қатысқан шеру өтті.