Атырауда қалдықты рұқсатсыз жинаған серіктестікке 37,4 млрд теңге айыппұл салынған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау соты 2023 жылы қалдықты рұқсатсыз жинаған «Oxygenator» ЖШС-ға 37,4 млрд теңге айыппұл салуға қаулы шығарғанымен, айыппұл әлі өндірілмеген.

Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, былтыр «Oxygenator» ЖШС-не қатысты Қазақстан Республикасының экологиялық заңнаманың сақталуы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
– Тексеру кезінде «Oxygenator» ЖШС-ның қалдықтарды рұқсатсыз жинақтап, экологияға әсер ету рұқсатын алмағаны анықталды. Серіктестікке қоршаған ортаға әсер ету рұқсатын алмай, қалдықтарды жинақтағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Хаттамамен келіспей, сот қарауына жолдау туралы өтініш берілді. Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2023 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен «Oxygenator» ЖШС-ға 37 млрд 495 млн 296 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Бірақ «Oxygenator» ЖШС-нің басышлары соттың айыппұл салу туралы қаулысымен келіспеген. Сөйтіп, Атырау облыстық сотына апелляциялық шағым түсірген.
– Атырау облыстық сотының 2023 жылғы 29 қарашадағы қаулысымен «Oxygenator» ЖШС-нің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды. Ал, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына әсер ету рұқсатынсыз қалдықтарды жинақтауға тыйым салу үшін талап арыз жолданды. Аталған соттың 2024 жылғы 22 қаңтардағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, атқару парағы сот орындаушыларға жолданған еді, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Департаменттің мәліметінше, айыппұл әлі өндірілмеген. Серіктестіктің жұмысы рұқсат алғанға дейін тоқтатылған. Қалдықты жинауға рұқсат алса, жұмысын қайта жалғастыруы мүмкін.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы «Морское» кен орнында мұнай араласқан сұйықтық төгілгенін жазған едік.